Жарқын болашақ
Қаңтар айында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Целиноград ауданы Ақмол орта мектебінде «Жарқын болашақ» сайысы болып өтті. Сайыстың басты мақсаты - мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және оны дамыту, әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша ерекше дарынды оқушыларды анықтау және
оларға қолдау көрсету болып табылады.
Қазақ әдебиетіне М.Әуезов, Қ.Аманжолов, Ш.Мұртазалардың айтулы ақын, қарымды қаламгер, дарынды драматург ретінде қазақ әдебиетіне үлкен үлес қосты. Олардың қаламынан Қазақстанның дарқан даласы, қазақ өмірі жан-жақты суреттелсе, өмірге деген құштарлықтары, болашаққа үміт-сенімдері кеңінен көрінеді.
Бүгінгі таңда ұлы Мұхтар 120-ға толса, Шер ағаң 85 жаста, Қасым Аманжолов 106 жасқа толып отыр.
Целиноград аудандық «Жарқын болашақ » сайысының номинацияларын осы алыптардың
шығармаларынан дайындау – басты талап болды.
Сайыс мынадай бағыттар бойынша өтті: «Сөз шеберлері», «Тілші-әдебиетшілер», «Әнші бұлбұлдар», «Сахна саңлақтары», «Жас ғалымдар», «Жазушылар».
Аудандық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасына №3 Талапкер орта мектебі де белсене қатысты. Мектеп оқушылары алты номинация бойынша өткен олимпиаданың бесеуіне қатысып, төрт номинация бойынша жүлделі орындарды қанжығаларына байлады. Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Ж.Т. Байсеркееваның жетекшілігімен Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе» романы бойынша дайындалған «Бала Тұрар» қойылымы сахналанып, бірінші орынды
иеленді. «Тілші-әдебиетшілер» номинациясы бойынша қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Кульмаганбетова С.Т. жетекшілігімен 9-сынып оқушысы Ғазизбатыл Фариза қатысып үшінші орынды иеленсе, «Жас ғалымдар» номинациясы бойынша 10 «А» сынып оқушысы Дүйсенбаева Ақмарал екінші орынды иеленді, жетекшісі қазақ
тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Кайкенова Ә.А. Музыка пәні мұғалімі Хамитов Е.А. дайындауымен 7 «А» сынып оқушысы Базарбек Асем Сансызбайқызы «Әнші бұлбұлдар» номинациясы бойынша екінші орынға табан тіреді. Талантты да талапты ұл-қыздарымызға болашақта да тек сәттіліктер тілейміз.