Талапкер ауылының жалпы орта білім беретін мектебінде 2024 жылдың 1 сәуірінде «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасының I кезеңі өтті.
«Мың бала» - ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының дарыны мен қабілетін қолдауға, сондай-ақ дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде оқу үшін академиялық қабілетті оқушыларды іріктеуге бағытталған ұлттық ауқымдағы бірегей жоба. «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасы ауыл оқушылары үшін білім беру саласындағы баспалдаққа айналды.
Талапкер ауылының жалпы орта білім беретін мектебі бойынша «Мың бала» Ұлттық олимпиадасына қатысуға 70 оқушы өтінім берді. Олимпиада екі кезеңде өткізіледі.
І кезеңде олимпиада қатысушылары Талапкер ауылының жалпы орта білім беретін мектебінде онлайн – платформада ойлау деңгейін анықтау үшін кешенді тестілеу тапсырды. Аталған тестілеуге 6-сынып оқушылары қатысып өз білім деңгейін анықтады.
Олимпиада жеңімпаздары квота бойынша дарынды балаларға арналған еліміздің жетекші мектептеріне: Республикалық физика-математика мектебіне, «Білім-Инновация» лицейіне, «Дарын» мамандандырылған мектептеріне оқуға түсуге мүмкіндік алады.