Ақмола облысы,
Целиноград ауданы,
№3 Талапкер орта мектебі,
Тарих және өзін-өзі тану пәні
мұғалімі Сейткарімова А.Т.
Жанды білім
Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев қазіргі мұғалімнің қоғамдағы орнын бағалай отырып: «Сіздер мен біздер тек болашақ буынды ғана емес, жалпы азаматтық қадір-қасиеттердің мән-маңызын түсінетін, жаны да, тәні де таза, білімді патриот азаматтар буынын тәрбиелеуге міндеттіміз» деген еді. Сондықтан қазіргі таңда кез-келген жасөспірімге білім беріп, тәрбиелеп қана қоймай, оның жалпыадамзаттық құндылықтарын аша отырып, ішкі жан дүниесіне әсер ету арқылы жас ұрпақтың өзін-өзі дамытуына жол көрсету біздің міндетіміз. Қазіргі таңда білім берудің екі аспектісін де үйлесімді дамыту қажет-зияткерлік (сыртқы, яғни ақыл үшін білім беру) және рухани-адамгершілік (ішкі, яғни жүрек үшін білім беру). Білім мен өмір сүруді әсем үйлесімділікке келтіру керек.
Рухани-адамегршілік тәрбие баланың өз орыны табуға, өзін-өзі тани отырып, айнала қоршаған адамзатқа және жаратылысқа сүйіспеншілікпен қарауға жетелу, қайырымдылық жасауға тәрбиелеу болып табылады. Жанды білім оқушының жан-жақты дамуына ықпал етеді. Мысалы, жаратылыстану мен өзін-өзі тану пәнін ықпалдастыру сабағы кезіңде пән мұғалімі оқушыларға жер ғаламшары туралы білімдерін толықтыра отырып, тыныштық құндылығының мәнін ұғындыру мақсатында өткізді. Оқушыларға сабақ барысында «Жерді неліктен күллі тіршілік анасына теңейміз?»-деген сұрақ қойылды. Жерді мейірімді анаға теңеуіміздің басты себеі анамыз қандай мейірімді болса,
жерде солай барша адам баласына риясыз қызмет атқарады. Жерден шыдамдылықты, төзімділікті үйренуге болады деп жауап берген оқушылардың жауаптарына сүйсініп қарайсың. Мұғалім оқушыларды шабыттандыра білсе, сабақтың қызықты бола түсері анық. Оқушылар тіршілік атаулының негізі - ізгілікте екенін түсінеді. Адам баласы жаратылысынан табиғатпен етене жақын өмір сүріп келеді. Адам өзіне қажеттісінің бәрін табиғаттан алады. Осы ортақ үйдегі ынтымақ пен бірліктің көзі ізгілік пен сүйіспеншілік болып табылатындығын оқушылар сабақ
барысында ұғынып, өз ойларын айтқан кезде шынайылықты, адалдықты, мейірімділікті әр оқушының бойынан байқағандай болдым. Осындай шәкірттер болашақта жан-жақты дамыған тұлға болып қалыптасары анық.
Жанды білім жүрекке жол тауып, балаға тек кітаптағы білімді ғана емес, өмірлік азық болатын білім қорын беруге
негізделеді. Біз өзіміз жанды білім арқылы өзін-өзі жетілдіруге жол тауып, жан дүниеміздің үйлесімділігін тауып, жаратылыстың тұстастығын сезінеміз. Сондықтан, жанды білім бала жүрегіндегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дамытып, жаттанды емес жанды білім арқылы әрбір баланы өмірлік мақсатына ізгілік көкжиегі арқылы жетуге ықпал етеді. Сонымен өз ойына, сөзіне жауапкершілкпен қарайтын, елінің мүддесі үшін еңбек ететін үйлесімді тұлғаны тәрбиелеу.