21.11.2023
АУЫЛ МЕКТЕПТЕРІНІҢ 9-11 СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН ПӘНДЕР БОЙЫНША
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПӘН ОЛИМПИАДАСЫ
Қазақстан Республикасының ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының дарындылығы мен қабілеттерін анықтау және қолдау үшін оңтайлы жағдайлар жасау, академиялық қабілетті оқушыларды іріктеу, олардың одан әрі зияткерлік дамуы мен кәсіби бағдарлануын қамтамасыз ету мақсатында биыл алғашқы рет ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадасы басталды.
Олимпиаданың негізгі міндеттері:
ауылдық мектептері оқушыларының теориялық білімі мен практикалық дағдыларын тереңдету;
ауылдық білім беру ұйымдарындағы дарынды балаларды анықтау үшін жағдайлар жасау;
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығы жанындағы Республикалық сырттай мектепке оқу-жаттығу жиындарына қабылдау және одан әрі оқыту арқылы ауылдық жердегі мектептердің жоғары сынып оқушыларын республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадаларға қатысуына дайындап, мүмкіндік беру.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 13 пән негізінде өтеді.
Талапкер ауылының жалпы орта білім беретін мектебінің 9-11 сынып оқушыларының арасынан 120 оқушы аталған олимпиадаға қатысуға өтініштерін білдірді. Аталған пәндік олимпиаданың жеңімпаздарына мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіледі.
Олимпиаданың ашылу салтанатына Талапкер ауылдық округінің ауыл әкімінің орынбасары Ғомар Қозыұлы мен мектеп директоры Сағымбала Хасенқызы қатысушылар алдында сөз сөйлеп, алдағы сайыста оқушыларға сәттілік тіледі. Білім сайысында үлкен асуларды бағындыруларыңызға тілектеспіз!