"Ақмола облысы білім басқармасының Целиноград ауданы бойынша білім бөлімі Талапкер ауылының жалпы орта білім беретін мектебі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Коммунальное государственное учреждение "Общеобразовательная школа села Талапкер отдела образования по  Целиноградскому району управления образования Акмолинской области"

Үш бәйтерек – үш алып

16.09.2019

        Өнегелі әдеби  кеш тақырыбы:     Үш бәйтерек – үш алып


Мақсаты: оқушыларымызды  ұлтымыздың үш бәйтерегі атанып кеткен Сәкен, Ілияс, Бейімбет сынды өнер, қоғам қайраткерлері болған арыстай ер азаматтарымыздың ақын – жазушыларымыздың  шығармаларын оқып үйренуге баулу.

Барысы:

Кіріспе сөз

1-жүргізуші: Қазақ  халқы «Үш бәйтерек» атап кеткен Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин  қазақ әдебиетіне айтулы ақын, қарымды қаламгер, дарынды драматург ретінде үлкен үлес қосты.

2жүргізуші: Сәкен, Бейімбет, Ілияс! Үшеуінің де жөргегі – ұланғайыр бір даланың топырағы. Біреуі – соның кіндік ортасында, біреуі теріскей, біреуі – күнгей шалғайында бір жыл туыпты. Үшеуі де бір жаздың майсасынан алғаш нәр татып, бір қыстың ызғарынан алғаш қар басыпты. Олардың өлеңдерінен өмірге деген құштарлық, болашаққа үміт – сенімдері кеңінен көрінеді.

  1-жүргізуші: Ұлт руханиятын даңқты туындыларымен, тақырып байлығымен, жанрлық қырларымен, көркемдік әлемімен байытты.

  2жүргізуші: Әдебиеттің «Үш бәйтерегі» өмірдегі өрнекті өнегелерімен халық жүрегіне жол тапты.

  1. жүргізуші: Енді сол ағалардың  шығармаларына кезек берелік.

Оқушы:  Сәкен Сейфуллин 1894 жылы бұрынғы Ақмола облысы Ақмола уезі, Нілді болысының Бірінші ауылында (қазіргі Қарағанды облысы, Ақадыр ауданы) туған. Әкесі Сейфолла домбырашы, шешен әрі саятшы болған. Анасы Жамал ертелі – кеш Сәкенге аңыз-әңгіме, ертегілер айтып берген.Табиғаттан дарынды жаратылған мөлдір қара көз, толқынды шашты, қырмұрын, қайратты ұлдарын Сейфолла мен Жамал азан айтып қойған Садуақас деген есімнің орнына, еркелетіп Сәкен атап кеткен. Әке – шешесінің ықпалымен жас Сәкен нәрсені біліп, болашаққа үмітін арттыра түсті. Ауыл молдасынан тілін сындырып, арабша хат танып, қисса – хиқаяны өзі оқи алатын деңгейге жеткен Сәкенді «орысша тіл үйрен, орысша оқу үйрен», — деп, тоғыз жасында Нілді заводына жіберді. Сәкеннің жан – жақты білім алуы, азаматтық — әлеуметтік көзқарастырының қалыптасуы, шығарамашылық қадамының басталуы оның 1908 – 1913 жылдары Ақмоладағы Приходская школада, қалалық училищеде, 1913 – 1916 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқыған жылдарымен тығыз байланысты. Сарыарқаның сайын даласы, Есіл, Нұра өзендері мен Оба, Ор тауларының әсем көріністері Сәкен шығармашылығының дамуына әсер етті. Өсе келе қоғам қайраткері, ақын – қаламгер ретінде жұртшылық жүрегіне жол тапты. Қазақ әдебиетінің барлық жанрында қалам тартты. Халық өмірін, еңбегін, адамның өміріндегі орнын кеңінен суреттей білді. С. Сефуллиннің «Өткен күндер» атты алғашқы өлеңдер жинағы халық өмірі мен тұрмысын кең көлемде жырлады. 1916 жыл оқиғасы, революция шындықтары, өмір — тұрмыс сырлары «Тар жол, тайғақ кешу» романында суреттелген. Оның «Асау тұлпар», «Домбыра», «Экспресс» атты өлеңдер жинағы және т.б. шығармалары халық жүрегінен үлкен орын алды. Сазгер ретінде  Сәкен  Сефуллин қазақтың жаңа музыкасының дамуына өзінің тамаша әндерімен үлес қосты. 1936 жылы қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі С.Сейфуллиннің әдеби қызметінің 20 жылдығы тойланып, әлеуметтік ерекше қызметі ескеріліп, оған Еңбек Қызыл Ту ордені берілді. Сталиннің жеке басынатабыну кеселінен жазықсыз жалаға – репрессияға ұшыраған Сәкен Сейфуллин 1938 жылы 25 ақпанда мерт болды. Әкесі Сейфолла да репрессияға ұшырады.

2жүргізуші: Сәкен өз  өлеңдеріне ән жазған. Басқа да сазгерлер ән жазған Соның бірі —   «Көкшетау» өлеңінен үзінді оқитын: Келещекова Ж

1-жүргізуші:   Ел сүйіп орындайтын  бір әні «Тау ішінде» Сүргінде жүргенде  шығарған әні. Әні орындалады

2жүргізуші: Домбыра жайлы 1924 жылы  өлең жазды. Домбырада ойнаған ақын оны былай деп жырлайды:  Орындайтын: Умурзакова З

  1-жүргізуші: Сәкеннің  Сарыарқасын сағынғанда шығарған әні «Біздің жақта»

2жүргізуші:      Екінші бәйтерегіміз – Ілияс Жансүгіров Алматы облысы, Ақсу ауданында туған. Ілияс анасынан ерте айырылып, әкесі Жансүгірдің үлгі — өнегесін көп көрген. Ескіше хат таныған. Аңыз — әңгіме, шежіре сырларын естіп өскен. Жетісудың бай табиғаты, ақындық, батырлық дәстүрлері Ілиястың өмірге, ізгелікке, сұлулыққа құштар болып өсуіне көп ықпал етті. Ілияс Жансүгіров Алматы, Ташкент қалаларындағы ағарту ісіне қатысты курстарда оқыды. Фольклорлық экспедицияға шығып, баспасөзге араласты. «Сағанақ» атты алғашқы кітабы 1928 жылы жарық көрді. Ілиястың ақындығы «Тілші», «Кедей еркі», «Арман», «Әншіге» деген шағын өлеңдерінен басталып, «Дала», «Күй», «Күйші», «Құлагер» атты көлемді поэмаларымен жалғасын тапты. Ақын «Дала» поэмасында – Алтай мен Атырау, Алатау мен Еділ, Сібір мен Самарқанд, Шу мен Сыр секілді кең – байтақ өлкені мекен еткен қазақ халқының өмір – тұрмысын, дәстүр — өнегелерін шабытпен суреттейді. Ал, «Күй» және «Күйші» поэмаларында тарих пен тағдыр ісі, қазақ халқының бастан кешкен оқиғалары тартымды жырланады. 1928 жылы журналистика институтын бітіріп, елге оралған Ілияс Жансүгіров «Еңбекші қазақ» газеті редакциясында қызмет істеп, қазақ баспа сөзінқалыптасуына көп үлес қосты. 1934 – 1935 жылдарда Қазақстан көркем әдебиет баспасында поэзия бөлімін басқарады. Жазушының Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезовпен достығы оның қаламгерлік жолында терең із қалдырған. Көзі тірісінде қазақ поэзиясының өрен жүйрігі, ақындықтын Құлагері атанған Ілияс Жансүгіров кесепат – кесел репрессияға ұшырап, 1938 жылы опат болды.

Қостаушы:  Ілияс Жансүгіровтың «Ағынды менің Ақсуым» атты өлеңі  баршаға мәлім.

Өлеңін оқитын: Арыстанбек  Нурай

Көрініс  «Бай – бай, Құлагерім !..»

1 Оқушы: Жанғали У

Қорқырап Құлагер ат жатыр құлап,

Шүмектеп шекесінен қан бұрқырап,

Шіреніп төрт аяқты қан бұрқырап,

Ыңқылдап өліп барад ат қырқырап.

    «Аттандап» өткен жанға қолын бұлғап,

    Баласы Құлагердің жүр шырқырап,

    Қалың шаң қаптай шапқан  қара – құрық,

    Балаға бұрылмайды ешкім бірақ.

Десеңдер, қайда Ақандай қыран құсты

Ол тастап аста тұрған жиылысты;

Болғанын бір сұмдықтың іші сезіп,

Қылаң ат қылт еткенде бермен ұшты . 

Көргенде ол мынандай сұмдық істі .

Үстіне Құлагердің құлап түсті

Білмеді не болғанын, айрылды естен,

Аймалап Құлагердің басын құшыты.

     Келер деп үміт қылып, алдыменен,

     Аты бұл алып келген алыс жерден .

      Жат елде  жалғыз өзі, сүйген аты,

       Серінің санасалық халіменен…

 Құлагер тқорқырайды  қаныменен,

Ақан да шырқырайды жаныменен,

Егіліп, төгіледі  Ақан сері,

Зарлаған Құлагердің әнімен

 2 Оқушы: Кабдолла Е

Не болды – ай, бай – бай , саған Құлагерім ?!

Суалдың сорлы иеңнің бұлағы едің …

Тірегі көңілімнің бәйтерегім,

Бұл жерге қалайынша құлап едің ?

              Бай, бай – ай

             Құлагерім

                Құлагер, айналайын арғымағым!

              Осы еді өлмегенде шабар шағың

              Құтсыз көл, Жыландының жырасында

              Құшақтап қанды басың зар жыладым.

 Құлагер, айналайын, жүлде алғаным

Басындай Арқарлының  күн шалғаным!

Барғанда ақыретке пырағым бол,

Қызығын көре алмадым бұл жалғанның .

            Құлагер, құлыныңнан маған біттің,

           Төрт бөліп түн ұйқымды баптап күттім,

           Жылқыны қыл құйрықты елде көргір,

             Қандай жан шекесінен қағып өттің ?

 Құлагер қолда өсірген құлыным – ай!

Ішінде омыртқамның жұлыным – ай,

Жын ба екен, сайтан ба екен, қаза болғыр,

Қанды қол қастандықпен ұруын – ай !

               Құлагер құлыныңнан  керім едің,

              Нағашым сұрағанда беріп едің,

              Аттарды Ерейменнен айдағанда

               Оқты көз, у құйылғыр, көріп едің.

3  Оқушы  : Алпысбай А

Осылай Ақан зарлап жылап жатты,

Қайтсін ол, жыламасқа жанға батты.

Күйінді ол, күңіреніп Құлагерге

Айрылды ол – аттан жақсы, достан – тәтті.

           Жарлының жалғызы өлсе, жанын ұрар,

           Дәл сондай жақсы атына Ақан жылар,

            Жел жылап, көл күрсініп жатқаны не

           Таудағы Ой бауырымдар неге сулар?

 Ой мен қыр, орман, тоғай неге шулар?

Аң мен құс күйініп жүр, не үшін бұлар?

Арқаның аяулы аты өлгеніне

Аспан, жер аза тартып тұрған шығар!

         Қояндар қайғырысты кеуегінде

        Көбелек күйіп ұшты бірден – бірге

         Қуанды түлкі қарсақ, қырда қасқыр,

        Жылқы жоқ соғатын деп бұдан өңге.

 Жолыққан  аяулы атқа, ардақты ерге,

Неткен жан шыдай алар мұндай шерге.

Қашаннан қаяу көңіл сері Ақанға,

Қайғырған сияқтанды көк пен жер де …

            Қандатып, қарсы алдында Құлагерді,

              Қоймастан Ақан атқа жылай берді …

             Жыласын сөйлеп қалсын  соңғы сөзін,

Қылалық біз әңгіме  былайғы елді …

1-жүргізуші: Үшінші бәйтерегіміз Б:Майлиннің өміріне кезек берсек

    Бимағамбет Жармағамбетұлы Майлин 1894 жылы Қостанай уезі, Дамбар болысы, Әйет өзені бойындағы Ақтөбе деген жерде туған. Жасынан әкесінен айрылып, анасының тәрбиесінде болған.Бай есігінде жүріп, бейнет пен жоқшылықты көп көрген.Ауыл молдасынан хат танып, Троицкідегі «Уәзифа», Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқыған. Татар, башқұрт ақын – жазушыларымен достық байланыста болып, алғашқы өлең, әңгіме, очерктерін жазды. Бейімбеттің шығармалары – қазақ өмірін, кедей тұрмысы мен тіршілігін, ауыл адамдарының еңбек әрекеттерін бейнелейді. Ақынның «Байдың қызы», «Рәзия қыз», «Қашқан келіншек», «Маржан» атты өлеңдері әйел теңдігін, жер бөлісін, адам әлемін суреттейді. Бейімбет Майлиннің әдеби мұрасын бай мазмұнымен, көркем де шеберлік сипаттарымен ерекше орын алады. Бейімбет еңбектері жаңа өміріміздің шежіресі еді, биік белесіне енді шыға бергенде үзіліп кетті.

      Қазақ әдебиетінің тарихына үш бәйтерек болып енген – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин бір жылда өмірге келіп, шығармашылықтарын қатар бастап, дүниеден де бір мезгілде өтті. Қазақ зиялылары, ұлттық әдебиеттің үш бәйтерегі аталған ақын-жазушылары кеңес үкіметі тұсында «Алашордашыл — ұлтшылдар» атанды. 20 ғасырдың отызыншы жылдар ойранында жазықсыз, жолсыз жазаға кез келді. Қуғын — сүргінге ұшырап, атылды. Қазақ әдебиетіндегі үш бәйтерек — Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин өмірлері қысқа, тағдырлары ауыр болғанымен шығармашылық ғұмыр баяндары ғибратты да мәнді болып табылады

2-жүргізуші: Балаларға да арнап, өлең жазған. «Тәй- тәй, қаз, қаз…»

  • Буженова Даяна

1-жүргізуші: Бүгінгі жастар – еліміздің ертеңі. Ұлттық санамыз сілкініп, саяси ой - өрісіміз өрлеу жолына түскенде біздің кім екенімізді, ата - бабамыздың қандай болғанын, кең байтақ өлкені қалай қорғағанын, бостандықты қалай аңсап, қалай қастерлегенін, тегіміздің мызғымас мықты екенін ұрпаққа ұғындырып, келер ұрпаққа мирас етіп қалдыру жолында жанын пида еткен алаш ұлдары аз емес. Солардың бірегейі, әдебиетіміздің үш бәйтерегі атанған үлы тұлғалар-Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин. Тәуелсіздікті ту еткен қазақ халқы осындай ағаларымызды мақтан тұтады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ақпарат

Тәрбие сағатының тақырыбы: Үш бәйтерек – үш алып

Мақсаты: оқушыларымызды  ұлтымыздың үш бәйтерегі атанып кеткен Сәкен, Ілияс, Бейімбет сынды өнер, қоғам қайраткерлері болған арыстай ер азаматтарымыздың ақын – жазушыларымыздың  шығармаларын оқып үйренуге баулу

Өтілетін орны: кітапхана

Мерзімі: 

 

                                       Өтілу барысы:

Бүгінгі жастар – еліміздің ертеңі. Ұлттық санамыз сілкініп, саяси ой - өрісіміз өрлеу жолына түскенде біздің кім екенімізді, ата - бабамыздың қандай болғанын, кең байтақ өлкені қалай қорғағанын, бостандықты қалай аңсап, қалай қастерлегенін, тегіміздің мызғымас мықты екенін ұрпаққа ұғындырып, келер ұрпаққа мирас етіп қалдыру жолында жанын пида еткен алаш ұлдары аз емес. Солардың бірегейі, әдебиетіміздің үш бәйтерегі атанған үлы тұлғалар-Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин. Тәуелсіздікті ту еткен қазақ халқы осындай ағаларымызды мақтан тұтады.

Оқушыларымызды  ұлтымыздың үш бәйтерегі атанып кеткен Сәкен, Ілияс, Бейімбет сынды өнер, қоғам қайраткерлері болған арыстай ер азаматтарымыздың ақын – жазушыларымыздың  шығармаларын оқып үйренуге баулуға байланысты 9 сынып оқушыларымен «Үш бәйтерек – үш алып» тәрбие сағаты  өтілді

 

 

                          Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі: Кульмаганбетова С.Т

  

Просмотров: 9983


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Біз әлеуметтік желіде

Ата-аналар үшін...

Ұйымдар тізімі
Текст