"Ақмола облысы білім басқармасының Целиноград ауданы бойынша білім бөлімі Талапкер ауылының жалпы орта білім беретін мектебі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Коммунальное государственное учреждение "Общеобразовательная школа села Талапкер отдела образования по  Целиноградскому району управления образования Акмолинской области"

Қош келдің, әз Наурыз!

18.03.2019

Целиноград ауданы

Талапкер орта мектебі

Бастауыш сынып мұғалімі

Баймагамбетова А.А

Қош келдің, әз Наурыз!

 

 Мақсаты: Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесін тойлау. Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып жайында қарапайым түсінік беру. Ата-бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа мирас еткен асыл мұрасын қадірлеп, қастерлеуге, қасиетін түсінуге баулу. Ұлттық дәстүрдің ерекшеліктерімен таныстыру. Қазақ халқының салт-дәстүрлерін балалардың бойына сіңіру. Балаларды ұлттық салт-дәстүрді, мұраларды танып-білуге, сыйлап, түсінуге үйрету.

 

                                                       Тәрбие сағатының  барысы

  1. жүргізуші:

Ассалаумағалейкум, барша халық

Қартқа құрмет сыйлайық жасқа шабыт

Салты солай Наурыздың

Ей, адамдар, бауырларша келіңдер бас қосалық.

 Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлттық мейрамы.Наурыз 22-де күн мен түн теңеледі,қыс өтіп көктем келеді.Тіршілік басталады.Қазақ халқы үшін үлкен мейрам – Жаңа жыл Наурыз мерекесі.

        Күн мен түн     теңелген,мал төлдеп, адамның аузы аққа тиген,жер бусанып, малдың аузы көкке тиген ырыстың басын қазақ елі – «Ұлыстың ұлы күні»- деп атайды екен.

 

2-жүргізуші: Сондықтан біріншіден Наурыз тепе-теңдік мерекенің негізгі арқауы,мәңгі деп есептелген.

2. Наурыз- күні жаңарудың,өсудің, түлеудің басы.

3. Наурыз күні имандылық мереке.Алдына келген атанның құны болса да кеш.

4. Наурыз көктем мерекесі,еңбек тойы,ырыс мошылық бастауы.

5. Наурыз мерекесі мейірімділік,қайырымдылық мейрамы.

 

 

1- жүргізуші:                                                                                                                                                        Ұлы күні кәрі- жас,

Құшақтасып көріскен.

Жаңа ағытқан қозыдай,

Жамырасып өсірген.

Наурыз той құтты болсын!

 

2 – жүргізуші:

Наурыз келсе,

Құт  келгені халайық!

Есік ашып,шашу шашып,

Ел боп қарсы алайық!

Той пердесін ашайық,

Тойға  шашу шашайық! Шашу шашу

 

 

  Әженің алсатауы

1- жүргізуші:                                                                                                                                                        Ал, қәнекей ағайын,
Асқақ әнге салайық,
Басы болсын бұл тойдың,
Шырқап әнге салайық.

 

Толғанайдың орындауында «Наурыз» әнін тамашалаңыздар

 

1- Оқушы:                                                                                                                                                            Шапағатын аямай бұл жақта аспан,

Жадырайды әр адам мұң шақпастан.

Ой ағайын, келіңдер!

Бүгін бізде –

Наурыз көже құрт - қатық,бұршақ  қосқан.

 

Бәрі:

Наурыз келсе,құт келгені, халайық!

Есік ашып,шашу шашып,

Ел боп қарсы алайық..

 

2- Оқушы:                                                                                                                                                       Бүгін күн кенелді,

Жер шуаққа кенелді,

Соны тойлар ел енді.

 

3-Оқушы:                                                                                                                                                  Наурыз той салтымыз,

Көгерсін деп халқымыз

Көшеге тал егеді.

 

4-Оқушы:                                                                                                                                                           Өмір бағы жайнасын,

Бақта бұлбұл сайрасын.

 

5-Оқушы:                                                                                                                                                   Күреп алтын күрекпен,

Қарды еріткен Наурыз!

Жатыр көктем түлетіп,

Бүрлеп бақша – бауымыз.

Ұлы күні ұлыстың

Күн мен түнді теңеген

Тәтті дәмін ырыстың

Таттық Наурыз көжеден.

 

(«Нұрлы көктем» әні ) Айарудың орындауында

 

2 – жүргізуші:                                                                                                                                                                Армысыз әлемнің алтын шырағы,

Күн Ана! Төрлетіңіз!

Атар таңға,батар күнге тәу-тәу!

 

Күн Ана.

-О, қасиетті Жер Ана! Алла –тағаланың әмірін қалт жібермей орындап,адамзат үшін саған бас  иемін.Мен сен үшін табиғат байлығына енген тау – тасыңнан,жан-жануарыңнан бастап адам затына дейін қуаныш нұрын себу үшін,өзіңнің гүл көктеміңді, Ару көктемімді шықырғалы отырмын.

 

1 – жүргізуші:Жыр сыйлаған,нұр сыйлаған тіршілікке,

Құтты болсын қуанышың Ару көктем,

Шақыратын бәрімізді бірлікке.

 

Дильназ:  Көктем Ару.

-Армысыздар халайық,

Бармысыңдар халайық,

Наурыз тойын жұп жазбай,

Жылда қарсы алайық.

 

 

Өшкен шырақ жағылсын,

Көктемнің әрбір ақ таңы,

Қуанышпен, жақсылықпен ашылсын.

 

 

2 – жүргізуші:- Бүгін ұлыстың ұлы күні!Ата бабаларымыздың сөзімен айтсақ

«Ақ түйенің қарны жарылған күн». Ендеше,Наурыз мейрамының салтанаты

Наурызды шақырайық.

 

 

1 – жүргізуші:- Наурыз келсе құт келгені халайық,

Есік ашып шын жүректен,

Ел болып қарсы алайық!

 

Күн Ана.

- Зарыға күткен жаңа жылым да,

Наурызым келді – ау!

Жаңа жылым жарылқа,ескі жылым есірке.

Ұрпақтарым аман ет.

Жамандық әрі кет,әрі кет.

Алас,Алас! Бар бәледен қалас.

Наурыз батырым келе ғой!

 

Наурыз батыр.

Сәлем Анам алтын күн,

Нұр шуағы  халқымның.

Ашық болсын аспаным,

Аман болсын жас – кәрің.

Жыл иесі доңызым,

Құт иесі доңызым,

Бақыт әкел еліме

Құт – береке молшылық

Дари берсін жеріме.

 

2 – жүргізуші:- Рахмет;Наурыз батыр, Күн Ана, Ару көктем, тойымызға келген қадамдарыңызға нұр жаусын!

 

1 – жүргізуші:Жыр сыйлаған,нұр сыйлаған тірлікке,

Қастерлейік,қадіріңді білдік пе!

Құтты болсын Ұлыс күн жұмылдырған

Бәрімізді ынтымақ пен бірлікке!

 

2 – жүргізуші:

 («Наурыз биі» 4 «Ә» сынып қыздарының орындауында)

 

І-жүргізуші:

Біз қазақ халқы әулет дәстүрін қастерлеп, дәстүрлік мұралады насихаттан жүрген халықпыз.

Дәстүрдің озығы бар, жазығы бар,

Өткеннен бізге жеткен асылы бар.

Сәбидің кейбір кезін қызықтайтын,

Қазақта «Ат қою» рәсімі бар.

Нұрайдың орындауында «Көктем» әнімен қарсы алыңыздар


 

ІІ-жүргізуші:

Ендігі дәстүріміз сәбидің кейбір кезін қызықтайтын, қазақта «Тұсау кесу» дәстүрін тамашалаңыздар. Тұсау кесу дегеніміз 1 жасқа толып, еркін жүре бастаған балбөбектің басқан қадамы құтты болып, одан әрі жаны жамандық көрмей, жүріп кетуіне тілек білдіретін салт.

Күлгенің де той сенің,

Жүргенің де той сенің.

Қызықтасын халайық,

Тұсау кескен бұл күнің

Есте қалсын, жарқыным.

І-жүргізуші:

Әлбетте, баланың тұсауы ала жіппен, қойдың майлы шегімен немесе өрілген көк шөппен кесіледі: Ала жіп ақтық пен адалдыққа жол ашады, майлы шек байлыққа, тоқтыққа жетелейді, көк шөп көбеюге, өсуге, өнуге шақырады.

Бүгінгі күні Амантай әже өзінің немересі Аружанның «Тұсау кесер» тойын Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесімен тұтастырып, қалың жұрттан бата алу мақсатында осы жерде «Тұсау кесер» тойын өткізбекші.

 

Амантай әже:

Алғашқы немерем Аружан жер-Анаға алғаш аяқ басып, үлкен өмір көшіне ермек, із тастамақ. Сол құлынымның тұсауын кесуге өзімнің аяғы жеңіл, жүрісі шапшаң, ақкөңіл, елімізге сыйы, ардақты ана, сүйікті әже, Орынбасар құрбыма немеремнің тұсауын кестіремін.

Ал, келін балам, кішкентай Аружанды ортаға әкеліп, Орынбасар әжесіне табыс ет.

(Осы кезде ақ жайма жайылып, тұсау кесуге қажетті заттар ортаға қойылады.)

Келін бала:

(баланы көтеріп келе жатып айтатын өлеңі:)

Тәй-тәй балам, тәй балам,

Шақырып тұр айналаң,

Жүруге алғаш талпындық

Құтақандай жан балам,

Қаз-қаз тұрып талпындың,

Қуантасың, күлесің.

Аман болсаң аз-ақ күнде

Алшаң басып жүресің.

Орынбасар:

Айналайын балам, өзің қандай сүйкімді едің. Тіл көзім тасқа.

Бөпеміз қаз тұрыпты,

Алға қадам басуға,

Тәй-тәй болып жүріпті,

Асулардан асуға.

Маған тұсау кестіріп,

Жатқандардан бұйрық сол;

Мені жүйрік депті жұрт

Менен асқан жүйрік бол.

(Орынбасар әже қолына ала жіпті алып жатып)

Ала жіппен тұсайын

Аружанның аяғын

Тұсау жібін кесейін

Жасап баба ырымын.

Сағат сайын есейіп,

Шапқыласын құлыным

Аяқтары талмасын

Айналайын, алтыным.

(аяғын байлайды. Қолына қайшысын алып, тұсауын кеседі.)

Қаз-қаз бала, қаз балам.

Қадам бассаң мәз болам.

Қаз баса ғой, қарағым,

Құтты болсын қадамың.

Алға қарай баса бер,

Асулардан аса бер.

(Аружанды жетектеп жүргізеді.)

Амантай әже:

Ал, келіншектер, тәй-тәй-лап

Әлдиді алға бастаңдар.

Шошытпаңдар, айқайлап,

Жалғыз тастап қашпаңдар.

Немеремнің жолына мол ғып шашу шашыңдар

Із қалдырсын соңына,

Алдын кең ғып ашындар!

( Ақ жайманың алдын кең ғып ашып баласына жол ашады, шашу шашылады, құттықтаулар айтылады.)

Ләззәт: Амантай әжемнің немересінің «Тұсау кесер» тойының құрметіне ән-шашу арнайын.

 

Амантай әже:Рахмет, айналайын, өркенің өссін. Саған да осындай той жұғысты болсын.


Амантай әже:Әкеліңдер ана сандықты ортаға «Ақ түйенің қарыны жарылған күн» бүгін. Бұл жиған-тергенімді бүгін бермегенде қашан беремін. Осы сый-сыяпатыма риза болыңдар, қадамдарыңа гүл бітсін. (әже қонақтарына сый-сыяпатын көрсетеді.)

 

Бата берілуі:

Құлыным үлкен жігіт болсын!

Ата-анасына қызық болсын

Жақсылармен қатар болсын,

Жамандармен қатал болсын,

Ата-дәстүр байлығын жалғастырар,

Берік бұтақ болсын.

Наурыздарың құтты болсын!

Ұлыс береке әкелсін

Ақ мол болсын,

Қайда барсаң жол болсын

Осы тойды қызықтаған

Баршаңызда той болсын!

 

 

Өркен:  Наурыз күні атқа мінген жігіттер ел аралап жарапазан айтқан.Игі тілекпен індетіп келген жігіттерге шапан жауып, белдеріне жібек орамал таққан. Ендеше келесі кезекті жарапазан айтушы балаларға берейік.

 

  Жарапазан  

 

Айтамын жарапазан ел жағалай,

Көкала үйрек ұшар көл жағалай,

Ұлдарың батыл болып өссін деймін,

Қыздарың мұратына жетсін деймін,

Жай тұрған жан қалмасын, жас-кәріміз,

Ән айтып, күй шертілсін

Би билейік бәріміз,

Жарқыраған нұрлы наурыз, Нұрлы наурыз,Жаса, наурыз!

 

 

Айтамыз жарапазан есігіңе,

Ұл берсін пайғамбардай бесігіңе,

Береке бірлік орнап отбасыңа,

Жыл болсын құтты сенің несібеңе,

Жай тұрған жан қалмасын, жас-кәріміз,

Ән айтып, күй шертілсін

Би билейік бәріміз,

Жарқыраған нұрлы наурыз, Нұрлы наурыз,Жаса, наурыз!

 

 

Айтамыз жарапазан еліңізге,

Байлаңыз парша орамал белімізге,

Байланса парша орамал белімізге,

Қайтамыз мақтай, мақтай елімізге,

Жай тұрған жан қалмасын, жас-кәріміз,

Ән айтып, күй шертілсін

Би билейік бәріміз,

Жарқыраған нұрлы наурыз, Нұрлы наурыз,Жаса, наурыз!

 

 

Айтамыз жарапазан ауылыңа,

Бақ қонсын бар мұсылман қауымына,

Береке-құт әкелсін наурыз көктем,

Жаз жайлау қарық болсын сауыныңа,

Жайтұрғанжанқалмасын, жас-кәріміз,

Әнайтып, күйшертілсін

Би билейікбәріміз,

Жарқырағаннұрлынаурыз, Нұрлынаурыз,Жаса, наурыз!

 

 

Айтамыз  жарапазан отбасыңа,

Тілейміз денсаулықты бас-басыңа,

Тілесек денсаулықты бас-басыңа,

Амандық келер әр күн отбасыңа,

Жай тұрған жан қалмасын, жас-кәріміз,

Ән айтып, күй шертілсін

Би билейік бәріміз,

Жарқыраған нұрлы наурыз, Нұрлы наурыз,Жаса, наурыз!

 

Ән: «Наурыз» 4 «А» сынып қыздарының орындауында

Әнге ырғағы жарасқан,

Асқар  таудың шыңдары.

Бүгін бізде қонақта,

Ақ жаулықты аналар!

  1. Жүргізуші : Наурыз тойының өзіне тән үлкен ырым асы - Наурыз көже. Оның мәні - Жаңа жылда молшылық, мәнді де, дәмді, татымды өмір болсын деген ырымды, тілекті паш ету. Сонымен қатар наурыз мерекесіне арнап дастарханға басқа да тағам түрлері дайындалады. (ата-анаға сөз, тағамдар жайлы түсіндіреді)

2 жүргізуші:

Ақ кимешегі наурыздың аппақ қарындай,ананың аппақ арындай әжеміз наурыз көже әкелді.Қош келдіңіз әже!

 

Әже:

Ау,ата-аналар!

Айналайын балалар!

Жеп ішсін –деп тамсанып,

Жеті түрлі дәм салып,

Наурыз  көже пісірдім,

Тойға қазан түсірдім.

Құйдым алтын табаққа,

Құлшыныңдар тамаққа.

Бал көжеден татыңдар,

Бар қызыққа батыңдар!

Көктем наурыз тойында,

Құмар болып ойынға

Іске үлес қоспаған,

Ішер бір-ақ тостаған,

Еңбекшілге талапты

Қоямын қос табақты

Көжеге жас кәріңді

Шақырамын бәріңді!

 

4 «Д» сынып қыздарының орындауында «Құстар» биі
 

Қызыр ата:

 Ал балапандарым. Жарайсыңдар, «Атаның сөзі –ақылдың көзі» дегендей ата салтын ұмытпай, ұлыс тойын өткізіп жатқандарың өте жақсы.Көсегелерің көгерсін, ырысымыз көп болсын деп Наурыз тойына бата берейін.

Наурыз құтты болсын!
Дендеріміз сау, мықты болсын.
Наурыз тойы келе берсін!
Барлық халық бақытты болсын,
Еліміздің несібесі көп болсын.
Қош, сау болыңыздар, халайық!
Көріскенше күн жарық болсын!
 Оркестр: «Келіншек күйі»

1 – жүргізуші:

Халқымыз ежелден тұрақтылық пен бейбітшілікті, ел арасындағы татулық пен бірлікті ерекше бағалаған. Келесі жылы да басымыз Аман, жұртымыз тыныш, жайлы болсын, халайық!
2 – жүргізуші:

 

Жасай берсін жаңа күн!
Туа берсін жаңа нұр!
Дүр сілкінсін дала бір.
Құтты болсын Наурыз тойы,
Құтты болсын жаңа жыл!
(бірге) Көріскенше күн жарық болсын!

Просмотров: 751


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Біз әлеуметтік желіде

Ата-аналар үшін...

Ұйымдар тізімі
Текст