• Оқытудың жаңа технологиясын пайдалану - сапалы білім негізі

  • Сейдахметова Лаура Қуанышқызы
  • Ақмола облысы, Целиноград ауданы.  
  • №3 Талапкер орта мектебінің   
  •     математика пәні мұғалімі
       
  •  
  •  

 

 

 

 

  • Оқытудың жаңа технологиясын пайдалану - сапалы білім негізі
  •  
  • «Қазіргі  заманда  жастарға  ақпараттық  технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет»
  •                                                                                                   
  • Н.Ә.Назарбаев.

  •          Қазақстан Республикасының “Білім туралы” заңына сәйкес “Әр баланың жеке қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы, жеке адамның дарындылығын, талантын,қабілетін дамыту” сияқты өзекті мәселелер енгізіліп отырғаны белгілі
  • Дүниежүзінде білімнің рөлі артып,  әр елдің өзіндік білім беру жүйесі тағайындалған.  Бірақ, ол әлем халықтарының білім берудегі тәжірибесімен,  бағыт-бағдарымен деңгейлес болуы қажет.      

       Білім беру жүйесінің басты – міндеті ұлттық және адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға,  дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологиясын енгізу,  білім беруді ақпараттандыру. Міне осындай маңызды мәселелерді шешуде жас ұрпақты сапалы да, саналы ой еңбегіне тәрбиелеуде математиканың алатын орны ерекше.  Қазіргі оқыту жүйесіндегі жаңаша мазмұн- жас ұрпақтың әлемдік сапа деңгейіндегі білім, білік негіздерін меңгеруінің басты нысаны. Тұлғаға бағытталған білім оның жан-жақты дамуына ықпал етеді. Психологияда дүние есігін ашқан әрбір сәби қабілетті болып туылады, оның әрі қарай дамып, жетілуі тәрбиешіге байланысты делінген. Демек,оқытушы мен оқушының арасындағы ынтымақтастықтың негізінде біз оң нәтижеге қол жеткізе аларымыз сөзсіз. Олай болса,оқытушы педагогикалық ізденіспен озық технологиялардың әдіс-тәсілдерін аса жоғары талғаммен қолдана білуі тиіс.
      Қазіргі қоғамымызда болып жатқан түбірлі өзгерістерге байланысты әрбір мұғалім оқытудың сан қилы әдістері мен формаларын білуі қажет. Сабақ барысында шәкірттің білімге құштарлығын арттыру,  өздігінен ойлау қабілетін жандандыру, еңбек етуге баулу,  жауапкершілік сезімін қалыптастыру - мұғалімнің басты талабы. Жаңа талаптарға сай көптеген оқыту технологиялары бар. Бүгінгі таңдағы ғылыми – техникалық үрдістің қарқыны білім беру жүйесінің алдына мүлдем жаңа міндеттер қойып отыр. Ол - өз жұмысын орынды және бүкіл технологияның үздіксіз өзгерістеріне, жаңалықтарына бейімделе алатын орындаушының тұлғасын қалыптастыру.  Қазіргі педагогика ғылымының бір ерекшелігі – баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологияларын қолдану.  Сабақ үрдісінде небір күрделі қиындықтар кездеседі. Қашанда шебер ұстаз барлық қиындыққа төтеп беріп, сабақ үрдісін тиімді ұйымдастырып, тақырыпты жүйелі түсіндіріп отырады. Бүгінгі таңда озат педагог – ғалымдар, тәжірибелі мұғалімдер ойлап тапқан сабақты түрлендіре  өткізудің жаңа тәсілдері жеткілікті.  

XXІ ғасырдың жан-жақты зерделі,  дарынды,  талантты адам қалыптастыру бағытындағы білім беру ісі –бүгінгі күн талабы.  Бұл талапқа жету жолы - білім берудің тиімді жолдарын таңдай білу. Оқытудың жаңа технологияларын алдымен жете меңгеріп, одан соң оқу мазмұнына, оқушылардың жас және психологиялық ерекшеліктеріне қарай таңдап пайдаланудың маңызы зор.Жаңа технологияны қолдану негізінде әрбір бала бойындағы дара қабілет анықталады, әр оқушы әр сабақ кезінде жаңа білім қосып қана қоймай, соны өзі игеріп, ізденіп, пікір таластыру деңгейіне жетіп, даму үстінде болады.
Саралап  тапсырмаларды енгізгендегі басты мақсат – сынып оқушыларын «қабілетті» және «қабілетсіз» деп жасанды түрде әр түрлі топтарға бөлуді болдырмау. Осы арқылы деңгейлік және дербес оқыту принциптерімен қатар, барлық оқушыға қатысты ізгілендіру принципі де сақталады. Деңгейлік тапсырмалар оқушылардың әр түрлі білім дәрежесіне сай ұсынылады. Деңгейлік тапсырмаларды орындағанда мұғалім – бақылаушы,  кеңесші. Деңгейлік тапсырмаларды қолдануда оқушылардың ақыл-ой еңбегін жетілдіру талабы қойылады. Оқушыларға деңгейлік тапсырмалар оны орындау әдістемелік кешенімен ұсынылады. Бұл технологияда  жұмыс міндеті үш  деңгейлік және қосымша шығармашылық деңгей технологияларына келесі талаптар қойылады:

-оқыту мақсатының нақты талаптарынан тұрады.

      Қазіргі заманғы оқыту қойылуымен, оның ғылыми негізделуі, оқу іс-әрекетінің нәтижесінің жоғары сапалы болуы;

-оқу материалын толық қабылдау мүмкіндігінің болуы;

-оқу процесінде қарым-қатынастың еркін болуы;

-оны үнемі жетілдіріп,толықтырылып отыру мүмкіндігінің болуы.

     Осы заманғы кез келген оқыту технологиясы оқу процесін ұйымдастыру кезеңінде технологияның бар мүмкіндіктерін үнемі шығармашылықпен пайдалану қажеттілігіне көңіл аударуда.Оқыту технологиясын оқыту процесін ұйымдастыру,басқару және бақылау деп түсіну керек.Қазіргі таңдағы педагогика жаңалықтарын екшеп,пән ерекшелігіне қарай қолдана білсек,ұтарымыз көп.Өйткені жеке тұлғаға бағытталған білімнің бүгінде нәтижесіз болмайтындығы тәжірибе жүзінде дәлелденгені анық.Нәтижеге бағытталған білім бугінгі заман талабы,қажеттіліктің қайнар көзі болса,нәтижеге жету жолында іздену әрбір мұғалімнің азаматтық борышы.

    Осы орайда өз тәжірибемнің негізінде оң нәтижеге қол жеткізу үшін алдыма мынадай мақсат қойдым:

-заман талабына сай білімді,білікті,дүниетанымы кең,шығармашылық қабілеті дамыған жеке тұлға қалыптастыру.

Осы мақсат негізінде алдыма қойған міндеттерім:

-жас ұрпақтың қабілеті мен талантын ашу;

-шығармашылық,логикалық ойлау қабілеттерін жетілдіру;

-өз алдына мақсат қою арқылы оны жүзеге асыра білу;

-өз әрекетінің нәтижелерін бағалай білу.

Мұғалімнің шығармашылық жұмысы ең бірінші сабаққа даярлықтан басталады, яғни,өтілетін сабақың жоспарын құру,оны өткізу әдістемесі,оқушылардың қабілеттерін, жас ерекшеліктерін ескере отырып,иллюстрация, техникалық құралдарды, дидактикалық материалдарды пайдалану.Мұғалімнің осы шығармашылық әрекеті арқылы оқушының шығармашылық қабілеті қалыптасады.Ал,шығармашылық қабілеттер шығармашылық елес,шығармашылық ойлау арқылы жүзеге асады. Оқушыны шығармашылық ойлауға, жылдамдыққа, икемділікке, тапқырлыққа үйрету ол мұғалімнің әр сабағында қалыптасып отыратыны анық.

  Қазіргі білім берудегі жаңа әдістер оқушының өз бетінше білім алуына,танымдық белсенділігін арттыруға,шығармашылығын қалыптастыруға,кез-келген мәселе жөнінде өз пікірінің болуы және оны дәлелдей алуы тағы сол сияқты ықпал ететіндігі белгілі.Осы жаңа әдістерді қолдану кезінде педагогикалық-психологиялық талаптарды біріктіре отырып,оқушының оқу материалын терең игеруіне жағдай жасау қажеттілігі ескерілуі тиіс. М.Жұмабаевтың “Педагогика” деген еңбегінде “Сабақ барысында мұғалім оқушыға тақырыпты жеткізу үшін алдымен балаға жаңа беретін білімді жат күйінше емес,баланың бұрынғы таныс біліміне байлап берсін” делінген.Қазіргі кезде қолданылып жүрген әдістерде бала бұрынғы өзі білетін нәрсенің ерекшеліктерін саралап,оның жетістігі мен қажеттілігі арқылы жаңа білімді алуға ұмтылады. Саралап оқыту технологиясының құндылығы:

1)100%үлгерім;
2) Жоғарғы деңгейлі тапсырмаларды орындау арқылы дарынды баланы таңдауға мүмкіндік береді;

3) Оқушы “2” аламын деп қорықпайды,керісінше тапсырманың жауабына жоғарғы ұпай жинау арқылы ынтасы артады.Оқушыға төрт деңгейлі тапсырма беріледі;
4) Оқушы оқу материалын өзі меңгереді,ал ұстаз өз пәнінен жұмыс дәптерін жасайды;
5) Педагогикалық технология орта мектеп жүйесін ақпараттандыру принципін сақтай отырып жүргізіледі.

1-деңгейдегі тапсырмаларға:

1) Жаттап алуға лайықталған болуы керек;

2) Алдыңғы сабақта жаңадан меңгерілген білімнің өңін өзгертпей қайталап, пысықтауына мүмкіндік беру тиіс;

3) Тапсырмалар жаңа тақырып үшін тиімді және өмірмен байланысты болуы керек. Мұндай тапсырмаларды құрастырған кезде олардың танымдылығы мен қызығушылық жақтарына көңіл аударған жөн

2-деңгейлі тапсырмаларға:

1) Өтіп кеткен материалды реттеуге және жүйелеуге берілген тапсырмалар;
2) Оқушылардың ойлау қабілетін жетілдіруге берілетін тапсырмалар. Бұлар: логикалық есептер, ребустер мен сөз жұмбақтар.

3-деңгейлік тапсырмаларға:

1) Танымдық – ізденім түрдегі тапсырмаларды орындау барысында оқушылар жаңа тақырып бойынша меңгерген алғашқы қарапайым білімділігін жетілдіріп, тереңдетумен қатар, ол тағы да жаңа білімді меңгеріп, өзі үшін жаңалық ашуы тиіс.
Эврика! Мұндай жұмыс – анализ бен синтез және салыстыру арқылы негізгісін анықтау, қорытындылау сияқты ой жұмыстарын қажет етеді.

2) Әртүрлі әдіс-тәсілдермен шешілетін есептер.

3) Өздігімен мысалдар мен есептер құрастыру және оны өздігімен шығару, өмірден алынған мәліметтер диаграмма, графиктер салу, жергілікті жағдайда өлшеу жұмыстарын жүргізу, көрнекі құралдар дайындауға берілетін тапсырмалар, ой қорытуға арналған, дағды қалыптастыратын тапсырмалар.
4-деңгей шығармашылық деңгей тапсырмалары:

1) Оқушылардың жинаған өмірлік тәжірибесі мен қалыптастырған ұғым, түсініктердің қиялы мен белсенді ой еңбегінің нәтижесінде жаңаша, бұған дейін болмаған, белгілі бір дәрежеде олардың басының икемділігін байқататын дүние жасап шығуына негізделген (теорема дәлелдеу, заңдылықтарды оқулыққа сүйенбей мұғалімнің көмегінсіз қорытып шығару).
2)Олимпиада есептерін шығару

3) Берілген тақырыпқа өз бетімен реферат, ғылыми жобалар қорғау.

Демек, бұл тапсырмалар – оқушылардың біліктілігі мен дағдысын

қалыптастыру және оны бағалау деңгейі болады.

Барлық оқушылар жұмысын бір мезгілде бастап әрқайсысы білім игерудегі өз қабілетіне қарай өз биігіне жетеді. Әр оқушының әр пәннен 100% үлгеріміне қол жеткізудің кепілі болады және әр оқу пәнінің барлық тақырыбы бойынша ең болмағанда міндетті 1-деңгейді игеруін толық жүзеге асырады. Бұл өз кезегінде, мемлекеттік стандарттың талаптарының орындалуына кепілдік беріп, Қазақстан Республикасының Білім туралы заңының алаптарына сай келеді және дәстүрлік оқытудағы оқушылардың артық жүктеме тарту проблемасын шешеді. Әр деңгейдің барлық тапсырмаларын дұрыс орындағаны үшін оқушылар сол деңгейді игергеніне сәйкес 12-балдық жүйемен ерекше бағаланады. Бұл жағдайда оқушы мұғалімнің көмегінсіз өз бетімен білім алып, өзін-өзі басқару арқылы өз бетімен дами алатын тұлғаға айнала бастайды деп табылады.

Оқулықта берілген тапсырма жұмыстары түгел қамтылып,деңгейлік тапсырмалар арқылы орындалады.40 минутқа негізделген 3деңгейлік тапсырмалар беріледі.Бұл тапсырмаларды оқушылар сыныпта және үлгермегенін үйде орындайды.

Әрбір оқушы деңгейлік тапсырманы орындап болған соң,мұғалім дайындаған дұрыс жауаптармен өзі орындап үлгерген тапсырмаларын тексереді.Осылайша бір деңгейден бір деңгейге,өз білімін біртіндеп толықтыра отырып,өз қабілетінде жетілдіреді.Оқушылардың бір-бірінің үлгерім деңгейлерін бақылап отыра алатындықтарынан,өзара жарыс туады.
Мұндай тапырмалар оқушылар бойында оң бәсекелестіктің қалыптасуына және әрбір оқушының өз білім деңгейін әділ бағалауына ықпал етеді, әрі мұғалім бұл журнал арқылы сабақ соңында оқушылардың жаңа тақырыпты меңгеру деңгейі туралы қорытынды жасайды, бірақ соңғы сөз (қорытынды бағалау) келесі сабақтың басында айтылады. Себебі, сыныпта үлгермеген тапсырмаларды әр оқушы үй тапсырмасы ретінде үйде жалғастырып орындайды, демек үй тапсырмасы төрт деңгейлік тапсырмалармен қамтылған. Мұғалім өзіне де жеке журнал арнайды. Не үшін? Үнемі кол астында әрбір оқушының жетістігінің көрсеткіші болады ,әрі үлгермей жатқан оқушыларға дер кезінде көмек көрсету үшін. Мұғалімнің сыныптық журналына қосымша жеке журналы болуы керек. Ол «Ашық журналдың» көшірмесі түрінде толтырылады.

Оқушылар да әр тақырып бойынша өз жетістіктерін өздеріндегі “Жеке журналға” және оларға сәйкес балдарды “Оқушының даму мониторингі” кестесінде белгілеп отырады.

Қорытынды жасай отырып, саралап оқыту технологиясының негізгі ерекшелігін, ұтымдылығын, тиімділігін сабағымда қол жеткізген төмендегідей жетістіктермен көрсетуге болады:
- жаңа материалды оқып-үйренуге және оқып игеруге деген оқушылардың пәнге қызығушылығын тудырдым;

- жаңа білімнің мазмұнын жоспарлағанда оқушыға берілетін тапсырма оқушының қабілетін ұштайтындай, ойын, қиялын дамытатындай етіп дайындауды үйрендім;
- оқушы өзін жеңімпаз ретінде сезіне алатындай тапсырмаларды әртүрлі күрделілік дәрежеде орындату арқылы оқушылардың білімін саралауды ұйымдастырдым;
- білімді дайын күйінде бермей, оқушының өзі білімді қарқынды ой еңбегін қажет ететін тапсырмаларды орындауы арқылы жетуін ұйымдастырдым;

- оқушылардың шығармашылық мүмкіндіктерін тудыратын, қабілеттерін жан-жақты дамытатын әр түрлі белсенді оқыту әдіс-тәсілдерді кеңінен қолдандым;
- оқушылардың білім алу нәтижелерін жүйелі талдап, бағалап қорытынды жасап отырдым.

Тақырып бойынша жасалған деңгейлік тапсырмалар жүйесі дамыта оқыту идеясын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Деңгейлік тапсырмалармен жұмыс жасау арқылы оқушының өзіндік жеке жолы, даму динамикасы, ынтасы, ойлауы, есте сақтауы, оқу сапасы арта түседі, әр оқушының ой - өрісі кеңейеді және білім сапасының дамуын қамтамасыз етеді. Деңгейлік оқытудың ерекшелігі оқушылардың сабақ барысында бірнеше деңгейге жұмыс жасай алатынында.Бүгінгі күннің ұстаздарына қоғамымыздың экономикалық, саяси, мәдени дамуына үлес қосатын әлемдік талапқа сай келетін білімді, мәдениетті азамат дайындап, тәрбиелеп шығару міндеті жүктеледі. Оқыту мен тәрбиелеудің жаңа технологияларын ізденіп әзірлену - ғалымдар мен тәжірибелі ұстаздардың бірлесе отырып атқарар ісі.

     Қорыта айтқанда деңгейлік тапсырмалар арқылы оқытудың тиімділігі мынада:
1. Өтілген материалды толық меңгереді,өйткені сабақ сайын қайталанып, пысықталынып отырады.

2. Тақырыпқа байланысты оқулықта берілген тапсырмалар толығымен орындалады.
3. Оқушы өзін-өзі тексереді,өзінің жіберген қателерін біліп отырады.

4. Талдау жұмыстарын үнемі жүргізіп отырады.Талдаудың барлық түрінде сабақ сайын қайталап отырады.

5. Білім сапасы әр сабақ сайын тексеріліп отырады,алған білімдерінің нәтижесі айқын көрініп тұрады.

6. Ойлау қабілетін арттыратын тапсырмалар орындайды.

7. Техникалық құралдарды жиі пайдаланады.(Компьютер,интерактивті тақта).
Жаңа технологияны тиімді пайдалануда оқушының білімге деген құштарлығы,ынтасы артқанын,еркін сауатты сөйлеуге, өз ойын жинақтап ашық айтуға немесе дәлелдеуге,ұсыныс,пікір білдруге,ой қорытуға дағды ланатынына көзім жетті.Сабақтарда тиімді технологияларды пайдаланып,әр түрлі әдіс-тәсілдерді үздіксіз қолданған жөн.

Шәкіртіміздің білімін шыңдау,қабілетті,дарынды тұлға дайындау-біздің алдағы жауапкершілікті міндетіміздің бірі болып табылады.Сондықтан тынбай,жалықпай,үнемі шығармашылықпен іздене жүріп,білімді ұрпақ тәрбиелеуге атсалысайык,ұстаздар!