6 "Е" сыныбындағы «Ата-ананың оқу-тәрбие үрдісіндегі міндеттері мен жауапкершілігі» тақырыбындағы онлайн - ата-аналар жиналысы, сынып жетекшісі: Магзумова Р.С.
Жиналыс тақырыбы: «Ата-ананың оқу-тәрбие үрдісіндегі міндеттері мен жауапкершілігі»
Мақсаты: Бала тәрбиесінде ата-ананың алатын орнының ерекше екенін түсіндіру; ата-ана бойына өздерін тәрбиеші мұғалім ретінде қарауда қызығушылықтарын дамыту; баламен дұрыс тіл табысуға, сөйлеу мәдениетін үнемі қолдауға ой салу.
Күн тәртібінде:
- І тоқсан қорытындысы
- Баяндама «Ата-ананың оқу-тәрбие үрдісіндегі міндеттері мен жауапкершілігі»
- ІІ тоқсан қашықтықтан ұйымдастыру
- Карантин кезіндегі балалардың қауіпсіздігі
- Ағымдағы мәселелер
Кіріспе сөз
Мұғалім: — Құрметті ата-аналар! Бүгінгі «Ата-ананың оқу-тәрбие үрдісіндегі міндеттері мен жауапкершілігі» атты жиналысына хош келіпсіздер! Сіздермен бас қосып пікір алысудағы мақсатымыз отбасындағы бала тәрбиесін дұрыс жолға қою, білімге деген ынтасын арттыру. Сонымен қатар ата-аналардың бала тәрбиесіндегі шешуі табылмай жүрген мәселелер болса, ойымызды ортаға салайық деп отырмыз.
І. 1-ші тоқсан қорытындысымен ата-аналарды таныстыру. Әр оқушыға жеке сипаттама беру.
ІІ. Баяндама оқу
Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты — балада» деген екен. Кез келген адам өзі өмір бойы қуып жете алмайтын бақыт деген құдыретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен келетініне мән бермеуі де мүмкін. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі сияқты нәрсе. Адамға нағыз бақытты — тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні — өз ұрпағы.
Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ана алдында нәзік те қиын, қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады. Ол — бала тәрбиесі. Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз — ата-ана. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер — жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді халық даналығы. Бала кішкентай кезінен-ақ әр нәрсеге әуестеніп үлкендерге көмектескісі келеді. Бұған кейбір әке-шеше «жұмысымды бөгейсің, істеп жатқан ісімді бүлдіресің» деп ұрысып жіберуі мүмкін. Бұл қате түсінік. Керісінше, өзің жұмыс істеп жүргенде баланың қолынан келетін ісіне жағдай туғызып, оның үйренуіне көмектескен орынды. Тіпті балаға берген тапсырмаңыздың аяғына дейін орындаулына төзімділікпен бақылау керектігін де ұмытпаған жөн. Өстіп баланың бірте-бірте еңбекке деген болашағына жол ашылады. Әрі істеген ісін ұқыпты да тындырымды орындауына бағыт бересіз. Баланың жақсы ісін мадақтап, терісін оң етіп түсіндіріп отырса, ол да ересектерді сыйлап, кез келген тапсырмасын орындауға қарсылық білдірмейді. Орынсыз ұрысу,зеку, сұрақтарына дөрекі, келте жауап беру немесе әділ талап қоя алмау ата-ананың беделін түсіреді.
Ата — ана — бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата — аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл-Қыздармен үй шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге неге болмасқа. Жанұядағы жанжал, үлкендердің аузына келген сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етеді. Бала алдында әке-шешеғ үй ішінің үлкендердің әдептілік танытқаны жөн. Мысалы, арақ пен темекінің толып жатқан зиянын біле тұра, балалардың көзінше арақ ішіп, үсті-үстіне темекі тартқандар бар. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді, ертең-ақ ұл өсіп ер жетеді, қыз өсіп бой жетеді. Сонда арақ пен темекінің зиянын қалай ұқтырамыз.
Негізінен жанұяның шырқы бұзылған, ата-анасы маскүнемдікке салынған немесе жарамдық жағынан азғынданған ортада бала, жасөспірім қашанғы жиренішті көріністі, ондағы айқай-шу мен дау-жанжалға, ұрыс-керіске шыдап жүре бермек. Басқа өмір аңсайды немесе теріс тәрбиеге тез бой алдырып үлгереді, егер осы теріс жолға мүлде бет бұрып кетсе, онда бәйтеректің бір бұтағы қисық өсті дей беріңіз. Бақытсыз қыз, бұзақы ұл осыдан шығады. Сонда негізгі кінәні кімнен іздейміз?!
Бұзақылықтың басы бос жүруден басталады. Кейде сабақты жиі қалдыруға әр түрлі сылтауларды үлкендердің өзі үйретіп отырады. Бұл жағдайда балаға өтірік айтуды үйретіп отырған аңғармай да қалуы мүмкін. Жас шыбықты қалай исең, солай өседі ғой. Иә, «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» демекші ата-ана тәрбиесі бала өмірінде үлкен із қалдырады. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау — ата-ананың басты парызы. Ендеше бала тәрбиесінде ұсақ-түйек дейтін ешнәрсе жоқ және сол нәрседен де қателесуге қақымыз жоқ. Бала — әр жанұяның бақыты. Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік.
ІІІ. Баяндама төңірегінде пікір алысулар және ата-аналарға сұрақтар қойылып, мәселелер туралы айтылады.
А) Бала тәрбиесінде кемшілік бар екенін мойындайсыз ба?
Ә) Балаңызға үлгі болатындай бойыңызда қандай жақсы қасиеттер бар?
Б) Келешекте балаңыз қандай адам болғанын қалайсыз? т.б.
В) Бала — әр жанұяның бақыты.
Баланың сапалы білім алуы мұғалімге, балаға, ата-анаға байланысты екенін талдадық, соның ішінде білім негізі — стандарт талаптарын орындау, яғни күнделікті сабаққа дайындалу кезінде оқушыға мұғалім мен ата-ананың көмегі, қадағалауы, уақыт бөлуі міндетті түрде қажет.
«Тек қана ата-аналармен бірге, жалпы күш-жігерді біріктіру арқасында мұғалімдер балаларға үлкен адамдық бағыт беруі мүмкін.» В.А.Сухомлинский
IV. 2-ші тоқсанды да қашықтықтан оқитын болғандықтан, барлық оқушыға интернет желісімен дұрыс ұйымдастырылуын қамтамасыз ету жайында ата-аналарға ұсыныс айтылады.
V. Карантин кезінде үй жағдайында оқып білім алып отырған балаға күнделікті қауіпсіздік ереже жайында айтып, естеріне түсіріп отыру. Қазіргі жағдайда өрт қауіпсіздігі, жолда жүру ережесін, тб қауіпсіздік ережелерді айтып, түсіндіріп отыруын қадағалау.
Қорытынды
Жоғарыдағы даналық сөзге сүйенсек, мұғалімдер балаларға үлкен адамдық бағыт беруі үшін тек ата-анамен бірігіп жұмыс істеу керек екенін ескерткен. Сондықтан, балаңыздың тамағының тоқтығы мен көңілінің көктігіне қарайтын, құр асыраушысы рөлінен шығып, ендігі жерде, сіздің алдыңызда балаңыздың білім алу жолындағы серіктесі болу міндеті тұр.