Қош келдің, Жаңа жыл! Сынып жетекшісі: Какенова Ш.Ч. сынып: 6 "Ә" сынып
Сабақтың тақырыбы : «Қош келдің, Жаңа жыл»
Сабақтың мақсаты : Оқушылардың дүниетанымын кеңейту, мәдениеттілікке тәрбиелеу .
Сабақтың көрнекілігі : Zoom платформасында Жаңа жылға арналған слайд
Сабақтың барысы : Ұйымдастыру кезеңі .
Армысыздар , оқушылар, ұстаздар !
Бүгін біз Жаңа жыл мерекесіне орай тәрбие сағатын өткізіп отырмыз. Қашықтықтан болғандықтан осы жолғы жаңа жыл Zoom платформасы арқылы өтіп жатыр, қазір сіздерге Жаңа жыл мерекесі жайында қысқаша ақпарат беремін.
Жаңа жыл мерекесінің шығу тарихы
- Жаңа Жыл мерекесі әр елде әртүрлі тойланғанымен, оны барлығы бірдей асыға күтеді. Тіпті, желтоқсан айының алғашқы күндерінен бастап ауылда не қалада болсын қысқы мерейдің ажары байқала бастайды. Жаңа жыл тұңғыш рет Месопотамияда тойланған. Ғалымдардың айтуынша, адам баласы алғашқы жаңа жылды біздің заманымыздан бұрынғы үшінші мыңжылдықта атап өткен. Жаңа жылды тойлау межесі Тигр мен Евфрат өзендеріне су толып, егін шаруашылығының басталған кезіне тура келеді. Уақыт өте келе, мереке Бабыл тұтқындары арқылы гректерге, ал гректерден Еуропаға тарай бастаған. Рим императоры Юлий Цезарь жаңа күнтізбе енгізген кезде, Жаңа Жылдың алғашқы күні 1 қаңтар болып есептелінген. Римдіктер Жаңа Жылды сәтті өткізу үшін бірінші күнді қуанышқа толы етіп қарсы алатын болған.Сондай-ақ, Жаңа Жыл көне Мысыр елінде де тойланып келген екен. Ондаған ғасырлар бұрын шаруашылықта жаңа маусымға септік болатын Ніл өзені суының толассуының өмірлік маңызы бар болыпты. Сондықтан сол күннен бастап жаңа күнді тойлау дәстүрге айналып келеді.
- Бірақ орта ғасырларға дейін көптеген елдерде егін шаруашылығының бастауы мен өнім жинаудың аяқталуына байланысты Жаңа Жыл көктемде немесе күздің аяғында өткізілетін болған. 1600 жылдары аталған мерекенің тойлану уақыты күзден қыстың бас кезіне ауыса бастайды. Кейіннен бірінші қаңтарға ығыстырылғанымен, Григориан күнтізбесі енгізіліп, Жаңа Жыл он үш күнге созылады. Сол себепті әзірге дейін ескі жаңа жыл ресми болмаса да, 13 қаңтар күні тойланып келеді.
Жаңа жылдың салт-дәстүрлері
- Жаңа жылдағы ең басты дәстүр – үй ішіне шырша қойып, ойыншықтармен безендіру. Алғашқы безендірілген шыршалар қазіргі Франция аумағындағы Эльзаста 1605 жылы пайда болған, деп санайды тарихшылар. Кейін біртіндеп бүкіл Еуропа шырша безендіре бастайды, әлбетте, әуелі дәулетті адамдар мен саудагерлердің үйінде ғана пайда болған. XIX ғасырда барлық жерде шырша қою дәстүрге айналды.
Шыршаға ілуге арналған алғашқы шар тәріздес шыны ойыншық Тюрингияда (Саксония) XVI ғасырда жасалды. Шеберлер шыныдан әртүрлі пішінді ойыншықтар жасайтын болған: қоңырау, жүрек, аң-құс, шар, бүршік, жаңғақ. Содан кейін оларды көздің жауын алатын қанық түстермен бояған.
Келер жылы үлде мен бүлдеге оранып жүреміз деген сеніммен адамдар мейрам қарсаңында жаңа киімдерін киюге тырысады. Жаңа жыл алдында қарыз бермеген жөн. Ал өзіңіз біреуге қарыз болсаңыз, тездетіп қайтару керек.
Ескі-құсқыдан арылу дәстүрі Италияда пайда болған. Адамдар осылайша жан дүниемізді тазартамыз деп сеніпті. Келе жатқан жыл жақсылыққа толы болу үшін мол дастархан жаю да ғұрыпқа айналған. - Жаңа жылдың ең маңызды дәстүрі – тілек тілеу көне ғасырлардан келе жатса да, әлі ұмытылған жоқ. Өйткені "Жаңа жыл қарсаңында қандай тілек тілесең де, әрқашан орындалады".
Жаңа жылдың кейіпкерлері
Жаңа жылдың басты кейіпкері – Аяз Ата жұрт ойлағандай кәрі емес. Шамамен 150 жыл бұрын Жаңа жыл символына айналыпты.
Бастапқыда Аяз ата жалғыз жаңажылдық кейіпкер еді. 1873 жылы Александр Островский "Қаршақыз" пьесасын жазады. Сөйтіп, аппақ қардай сұлу қыз әуелі Аяз атаның туған қызы, кейінірек немересі болады. Неге бұлай өзгергенін түсіндіру қиын.
Тағы бір жаңажылдық кейіпкер – Аққала – ХІХ ғасырда пайда болды. Сол замандағы аққала қазіргіден айнымайды: қардан жасалған үш шарды бірінің үстіне бірін қойып, басына шелек кигізеді, мұрнының орнына сәбіз тығып, қолына сыпыртқы ұстатқан.
Ендігі кезек құттықтауға берейік:
- Мектеп әкімшілігі құттықтау тілегін жолдайды
- Сынып оқушылары бір-бірлеріне құттықтау тілектер айтады
Қорытынды: Осымен оқушылар Жаңа жыл мерекесіне орай сынып сағатымыз аяқталды. Барлықтарыңызға жаңа жылда тек жақсылық,молшылық, қуаныш, жетістіктер тілеймін. Жаңа жылымыз жақсылықпен келсін. Өкпе-реніш, қайғы-мұң, жамандықтың барлығы ескі жылға қалып, жаңа жылда тек қуаныш, жақсылық көп болсын!
2020-2021 оқу жылында өткізілген
«Қош келдің, Жаңа жыл!»
атты сынып сағаттың ақпараты .
Сыныбы: 6 «Ә»
Сынып жетекшісі: Какенова Ш.Ч.
Тақырып: «Қош келдің, Жаңа жыл!»
Сабақтың түрі: түсіндіру
Сабақтың әдіс-тәсілі: Zoom программасы арқылы баяндау, слайдпен жұмыс, ауызша
Сабақтың көрнекілігі: слайд, қашықтан оқу тәсілдерін көрнекі түсіндіру
Сабақтың мақсаты:
Сынып сағаты жаңа жыл мерекесіне байланысты өтті. Оқушыларға Жаңа жыл мерекесінің шығу тарихы, әр елдің жаңа жылға байланысты салт-дәстүрлері, ырымдары жайында айтып түсіндірілді. Жаңа жыл кейіпкерлерінің қашан пайда болғандығы жайлы айтылды. Оқушылар дайындаган өлең шумақтарын оқып, тілектерін айтты. Келер жылға мақсат қойып, армандарын баяндады.
Zoom программасы арқылы қашықтан өткен тәрбие сағаты жалпы өте қызықты өтті. Балалар келе жатқан 2021 жылға көп үміт арттыратындарын айтты және індет жойылып, мектепте кездесулерін тіледі.

